Погода в Абае C
Курсы валют USD EUR RUB
Для слабовидящих

Ауданның Құрметті азаматына құрмет көрсетілді

02 Октября 2012

Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде облысымызға белгілі азамат, Абай, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зейнешев Тілеубек Ережепұлына 70 жасқа толуына байланысты сый-құрмет көрсетілді.  

Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде облысымызға белгілі азамат, Абай, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зейнешев Тілеубек Ережепұлына 70 жасқа толуына байланысты сый-құрмет көрсетілді. Еңбекпен есейіп, ел құрметіне бөленген азаматтың қазақ еліне, арқа жеріне сіңірген күш-қайраты өлшеусіз. Әсіресе, біздің ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі орасан. 1973 жылы жаңадан ашылған Мичурин ауданының (қазіргі Абай ауданы) партия комитетінің екінші хатшысы етіліп тағайындалады. Аз уақыт ішінде өзін алғыр да жауапты адам екенін көрсете білген. Аудан орталығы Топар кентін әдемі кентке айналдырған да Тілеубек Ережепұлы екен. Біздің ауданда еңбегі еленіп, 1973, 1976 жылдары «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Одан кейін Молодежный аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді.
1992-1997 жылдары Мичурин ауданына қайтадан басшы болып оралды. Тоқыраған тоқсаныншы жылдары халықтың әл-ауқаты күрт төмендеп, «жоқтан бар жасап» елдің еңсесін түсірмеу керек болатын. Жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жақсы жұмыс жүргізіп, жағдайды бір қалыпта ұстай білді. Білікті басшыны жоғарыдағылардың әр аудан, басқармаға бастық етіп қоюлары да тегін еместін. Қай жерге барса да бар жігерін жұмсап жұмыс атқарды дейді замандастары. Оның жүріп өткен жолы жайлы сағаттап айтуға болады...
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары кешті көңілді әрі ұмытылмастай ұйымдастыра білген. Салған әсем әндері Тілеубек Ережепұлының жүрегін тербетіп, жанарына жас үйірілтті. Өзі де қосылып ән салды. Әнші Бота Ноғаева арнап шығарған өлеңін домбыраның үнімен, күміс көмейімен ардақты ардагердің алдында орындап берді. Тілеубек аға бұл ерекше сыйлық болғанын айтып, ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Еркебұлан Ертихалұлына және қуанышына ортақтасқан адамдардың барлығына шын жүрекпен алғыс айтып, ұмытылмас әсерге бөленгенін, бір жасап, жасарып қалғанын жасыра алмады. Батасын беріп, мемлекет үшін талмай тер төгіп жатқандарға табыс тіледі.
Әсерлі кеш соңы сахна жиектерінен жарқырап биікке ұмтылған отшашулармен аяқталды.
Асылбек ТОЙБЕК
 

© 2007—2019 Информационный портал Аппарата акима Абайского района