Погода в Абае C
Курсы валют USD EUR RUB
Для слабовидящих

Арқа жұрты астаналықтардың алғысын алды

20 Октября 2012

6-7 қазан күні Қарағанды облысы Астана қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Абай ауданы да артынып-тартынып жолға шықты. Биылғы күзгі өнімдерін ауданның ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары бас қаланың тұрғындарымен бөлісуге асықты.  

6-7 қазан күні Қарағанды облысы Астана қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Абай ауданы да артынып-тартынып жолға шықты. Биылғы күзгі өнімдерін ауданның ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары бас қаланың тұрғындарымен бөлісуге асықты.
5 қазан. Түнгі сағат-12.00 Жәрмеңкеге жіберілетін ет өнімдерінің соңғы керуені зертханалық тексерістен өткізіліп жатыр. Аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бастығы Гүлнар Дәуітпаева «Мұқият болыңдар! Тазалықты сақтаңдар! Таңға шейін жетуіміз керек, жылдамдатыңдар!» деп зыр жүгіріп жүр. Гүлнәр Төлеуқызының жұмысына деген жауапкершілігін осыдан-ақ аңғаруға болатын еді. Қарағандыдан шыққанша қолындағы қос телефонына маза болмады. Әр ауылдың әкімдерімен, тіпті камаз жүргізушілерімен байланыста болды.
Тақтайдай төселген жолмен зулап келеміз. Алдымызда ет, көкөніс тиеп алған бүйірлері бұртиған жүк көліктері. Іргеміздегі Астанаға таң ата жеттік. Аман-есен. Жәрмеңке өткізілетін жерде көлік қоятын орын жоқ. Қарағандының әр ауданынан келген алып камаздары елорданың орталық көшелерінің бірінде қаз-қатар тізіліп тұр. Біздің машиналарды қоятын жер жоқ. Бұл жағдайды да Гүлнәр Төлеуқызы әп-сәтте шеше қойды. Орнымызды тартып алғандармен көп сөйлеспеді. Бірер уақыттан соң ауданымыздың машиналары алдыңғы қатарларға тұра қалды...
Астаналықтар асықпай таңертең 10-ға қарай келе бастайтын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, бұл ойымыз қате болды. Таңғы 8-дің өзінде дорбаларын қолтықтарына қыстырып, арбаларын жетектеп бас қала тұрғындары жәрмеңкеге жинала бастады. Жәрмеңкенің кіре берісінде Абай ауданының өнімдері қойылған. 8 күрке тігіліп, онда «Шанс», «Құрма агрофирмасы» ЖШС, «Астра-Агро» ЖШС, «Топар жылыжайлары» ЖШС, «Поливное», «Вита» фермерлік қожалықтары, «Шығыс», «Ақжарқын», «Амантай» шаруа қожалықтары өз өнімдерін саудаға салды.
Жәрмеңкенің басты мақсаты - өнімдерді халыққа қол жетімді бағамен ұсыну екені анық. Міне, қарағандылықтар да өз өнімдерін арзан бағалады. Абай аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Асқар Санаубаровтан жәрмеңкенің өту барысы туралы сұраған едік. «Біз қой, сиыр, шошқа еттерін 1000 тоннадан әкелдік. 3 тонна тауық еті бар. Әзірге сауда жақсы жүріп жатыр. Қыр артында қыс келе жатыр ғой. Халықтың қамданып жатқаны көрініп тұр. Сиыр мен қой, шошқа етінің бағасы небәрі 1000 теңгеден. Тауық еті 420 теңгеден деп белгіленді. Одан бөлек жұмыртқа әкелдік. Бір жұмыртқаның бағасы – 12 теңгеден. Ал, көкөністерге келетін болсақ, 100 тонна картоп, 15 тонна қырыққабат, 17,5 тонна сәбіз, 17,5 тонна қызылша, 50 тонна пиязымыз бар. Бағалары 40-50 теңгенің арасы. Бұл өте арзан. Астананың дүкендірінің бағасымен салыстырып көріңіз, картобыңыз 80 теңгеден жоғары. Ал біз 1 келісін 40 теңгеге сатып жатырмыз», - деді.
Өткен жылы ғана жұмысын бастаған «Топар жылыжайлары» ЖШС-і де жәрмеңкеге қатысуға ниет білдіріпті. 1 тонна қияр, 1 тонна қызанақ, 200 бұрыш және лимон, көкнарларын ұсынды.
Түс ауа жәрмеңке қыза түсті. Қалың нөпірдің арасынан Көксу селосының әкімі алдымыздан шыға келді. Мазасызданып тұрған сияқты көрінді бізге. «Саудаларыңыз жүрмей жатыр ма? Неге көңіл-күйіңіз жоқ» десек, «Жоға-а, саудамыз тым жақсы жүріп жатыр. Екінші күнге әкелген өнімдеріміз жетпей қалама деп уайымдап тұрғаным ғой. Әлі күннің жарты уақыты ғана өтті, ал біздің сөрелеріміз босап бара жатыр», - деп Галина Журавицкая ойымен бөлісті. Екінші күні де ауылдан тағы өнімдер алғызғанын айтты және.
Екі күн бойы сауда қызу жүрді. Астаналықтар Қарағанды облысының халқына риза екендерін білдіріп жатқандарын да естіп қалдық. «Алдыңғы апталарында келген Алматы, Жамбыл облыстарынан асып түсті. Барлық жағынан» деген пікірде астаналықтар. Ол облыстар концерттік бағдарламаларын ұсынбапты. Ал Қарағанды облысының талантты әншілері мен күйші-бишілері ортаға тігілген сахнада тамаша әндерін шырқап, жәрмеңкеге келушілердің көңілін көтерді. Сонымен қатар, әр аудан өнерпаздары да өз күркелері жанында күні бойы концерттік бағдарламаларын ұсынумен болды.
Абай ауданы қазақ тағамдарының көрмесін ұсынып, тегін бауырсақ таратты. Бұл жерде аудандық мәдениет бөлімі мен білім, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қызметкерлерінің еңбегін айта кеткен жөн. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов бастаған топ жәрмеңкені аралап жүрді. Біздің ауданның өнімдері мен тыңғылықты дайындаған бағдарламасына дән риза болды басшылар. Әсіресе, әнші Бота Ноғаеваның арнауын ұйып тыңдап, тебіренген жүректерімен алғыстарын айтып жатты.
Жәрмеңкенің басынан соңына дейін ауданымыздың әкімі Еркебұлан Ертихалұлы мен оның орынбасарлары, ауыл әкімдері жүргенін айта кету керек.
Осылайша екі күнге созылған жәрмеңкеде ұлы дана атымен аталатын аудан саудасын да сәтті жүргізіп, абыройын да асқақтатып қайтты...

Асылбек ТОЙБЕК
Абай-Астана-Абай
 

© 2007—2019 Информационный портал Аппарата акима Абайского района