Погода в Абае C
Курсы валют USD EUR RUB
Для слабовидящих

Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың аз қамтылған қабаттарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді.

          Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек үш әлеуметтік төлемді біріктіреді:

а) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан республикалық бюджеттің қаражатынан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы;

б) отбасының табысын ескере отырып аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын мемлекеттік балалар жәрдемақысы;

в) отбасының табысын ескере отырып аз қамтылған отбасыларға жергілікті бюджеттің қаражатынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК).

          Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

          Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын  отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

           Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.

           Шартты ақшалай көмектің әлеуметтік эффектісі: аз қамтылған халықтың табысының деңгейін арттыру, кедейлік деңгейін төмендету, аз қамтылған азаматтардың өмір сапасын жақсарту.

          Аз қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысу қарастырылған.

          Жұмыспен қамту орталығы мен жәрдемақы алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін ұзарту мүмкіндігі беріледі.

          Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

          Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, ал қайталанған жағдайда 100 %-ға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

           Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамға немесе отбасына ақпарат алуға Абай қаласы, М. Әуезов көшесі, 30 мекенжайы бойынша орналасқан Жұмыспен қамту орталығына, ал тұрғылықты жерінде Орталық болмаған жағдайда – кент, ауыл және ауылдық округ әкіміне бару керек.

© 2007—2019 Информационный портал Аппарата акима Абайского района